Все публикации
23.11.2023 Анонс

«Мемсатып алуды кәсібилендіру» атты конференция өтті

07.11.2023 жылы «Kun Jarygy» коалициясы Қазақстандағы мемлекеттік сатып алуды кәсібилендіру: басқару стратегияларына жаңа көзқарас» онлайн-конференциясын ұйымдастырды.

Мақсаты: «2030 жылға дейінгі Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасын» ескере отырып, Қазақстандағы мемлекеттік сатып алудың өзекті міндеттері мен проблемаларын талқылау және оларды кәсібилендіру арқылы шешу жолдарын анықтау.

Онлайн шараға еліміздің белгілі сарапшылары қатысты, оның ішінде: 

Гульнара Исенова — С. Торайғыров университеті Extension орталығының директоры (баяндама: Мемлекеттік басқарудағы мемсатып алудың рөлі).

Серик Джумагалиев —  ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Басқару институтының профессоры (Мемсатып алудың тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру).

Нұрғали Рахманов – «Цифрлық қоғам» қорының директоры (Қазақстандағы мемлекеттік сатып алуды кәсібилендірудің негізгі проблемалары).

Сондай-ақ, Украина мен Грузияның осы саладағы тәжірибесі де талқыға салынды.

Өз елдерінің мемсатып алуды кәсібилендірудегі қадамдарын Александр Шатковский (Open Contracting Partnership сарапшысы) және Сандро Рочикашвили (Ақпарат Еркіндігін Дамыту Институтының аға талдаушысы) айтып берді.

Коалиция сатып алу үдерісін түрлендіруді және оны күнделікті жұмыс емес, үздік халықаралық тәжірибеге негізделген нақты, маңызды кәсіпке айналдыруды ұсынды:

1 — мемсатып алумен айналысатындарға білім беру және оқыту талаптарын қатаң белгілеу қажет. Бұл кәсіпқойларға қатысты мәселе.

2 — Мамандарды даярлау бойынша арайны орталықтар құру. Оқыту ғана емес, сонымен қатар біліктілікті жоғары деңгейде ұстау қажет.

Статистика: goszakup.gov.kz порталына сай, 2020-2022 жылдары аралығында мемлекеттік сатып алуды оқыту бойынша 277 бірегей өнім берушімен 247 миллион теңгеден астам сомаға 1980 шарт жасалған. Яғни, елімізде мамандарды даярлайтын ұйымдардың саны жеткілікті.

3 — Кімнің жауапты екені әрқашан анық бола бермейтін және тендер жеңімпазын алдын ала анықтау қаупі бар жерде түсініксіз тендерлік комиссияларды жою.

Конференцияда көтерілген мәселелерді, қойылған сұрақтарды модераторлар Абай Мырхин мен Аида Бапахова ой-талқыға салса, соңында қатысушылар болашақ іс-әрекеттерді талқылады.

«Kun Jarygy» коалициясы әрбір мемлекеттік сатып алуды жеке мүддені көздемей және сыбайлас жемқорлық схемаларына араласпай, қоғам игілігі үшін әрекет ететін жоғары білікті маман жүргізуін ұсынады.

Вебинарға еліміздің 11 өңірінен 40 адам қатысты. Видеожазбасы https://youtu.be/1APPig9jTX4 мекенжайында қолжетімді.

Коалиция сарапшыларының зерттеулері мен талдаулары туралы prozakup.kz сайтынан оқи аласыздар.